homepage
Фото: ашық дереккөзден

Қызыл кітаптағы гүлді жұлғандар жазаланады

11.03.2026, 16:16

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Қазақстанда қызыл кітапқа енген гүлдерді жұлғандарға қатаң жаза қарастырылғанын айтты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Министрдің айтуынша, қызғалдақ пен бәйшешек сияқты сирек өсімдіктерді жұлуға болмайды, өйткені олар ерекше қорғалатын өсімдіктер тізіміне енгізілген.

«Қызғалдақ пен бәйшешекті жұлғаны үшін бізде қатаң жаза бар. Сондықтан бұл өсімдіктерді жұлмауға кеңес беремін. Олар аз қалғандықтан Қызыл кітапқа енгізілген. Әлемде жыл сайын өсімдіктердің және жануарлардың көптеген түрі жойылып жатыр. Кез келген түрдің жоғалуы орны толмас салдарға әкелуі мүмкін. Сондықтан табиғатты қорғаңыздар», – деді Ерлан Нысанбаев.

Ол Қызыл кітапқа енген өсімдіктер тізімі өте үлкен екенін айтып, нақты қанша түр барын атай алмады.

«Тізім өте үлкен, мыңдаған түр бар. Мен бәрін атай алмаймын, мен компьютер емеспін. Бірақ бәйшешектер де сирек өсімдіктер қатарына жатады», – деді министр.

Еске салсақ, 2025 жылдың сәуірінде Түркістан облысында бір әйел жабайы қызғалдақты жұлып алғаны үшін жауапқа тартылған. Оқиға бейнежазбаға түсіп, кейін полиция бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 339-бабы — сирек және жойылып кету қаупі бар өсімдіктермен заңсыз әрекет ету фактісі бойынша іс қозғаған.

Қазақстан заңнамасына сәйкес, Қызыл кітапқа енген өсімдіктерді жұлғаны үшін 3 000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынуы мүмкін. 2026 жылы бұл шамамен 13 миллион теңгені құрайды.