Франция президенті Эммануэль Макрон Еуропа Ресей уранына тәуелділікті азайту үшін басқа елдермен ынтымақтастықты күшейтуі тиіс екенін айтып, ықтимал балама жеткізушілер қатарында Қазақстанды атады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бұл туралы ол Bloomberg агенттігіне берген түсініктемесінде айтты. Макронның айтуынша, Ресей әлемдік уран нарығында елеулі үлеске ие.
«Жақында біз Ресейге тәуелділік мәселесін талқыладық. Бұл әсіресе уран саласында байқалады. Маған Ресей әлемдік өндірістің шамамен 40 пайызын қамтамасыз ететінін айтты. Бірақ уран өндіретін басқа да көптеген ел бар», – деді Франция президенті.
Оның айтуынша, Еуропа балама жеткізушілермен әріптестікті белсендірек дамытуы керек.
«Мен Моңғолия, Қазақстан сияқты елдерді атап өткім келеді. Сонымен қатар Канада, Аустралия, АҚШ және басқа да мемлекеттер бар», – деді Макрон.
Макронның сөзінше, жеткізу көздерін әртараптандыру Еуропаның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі шарттарының бірі болып саналады.