Щучинск қаласында газ баллоны жарылып, 11 адам қаза тапқан «Центр плова» кафесі бұған дейін Төтенше жағдайлар министрлігі тарапынан тексерілмеген болып шықты. Бұл туралы Сенат кулуарында ТЖ вице-министрі Кеген Тұрсынбаев айтты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Оның айтуынша, 50 литрге дейінгі газ баллондарын пайдаланатын нысандарды бақылау жергілікті әкімдіктердің құзыретінде.
«Онда газ-техникалық инспекция бар, осы мәселені солар бақылап, тиісті жұмыстарды жүргізеді. Бұл кафе 300 шаршы метрге дейінгі аумақты алып жатыр, сондықтан жоғары қауіп санатына жатпайды, орташа қауіп тобына кіреді. Мұндай нысандар тек келушілердің шағымы немесе прокурорлық қадағалау негізінде ғана тексеріледі. Сол себепті біздің желі бойынша бұл нысан тексерілген жоқ», – деді Кеген Тұрсынбаев.
Вице-министр жарылыстан кейін Премьер-министрдің тапсырмасымен арнайы жұмыс тобы құрылғанын айтты. Оның сөзінше, алдағы уақытта осыған ұқсас нысандардың барлығы тексеріледі.
Еске салсақ, бұған дейін Ақмола облысы Щучинск қаласындағы «Центр плова» кафесінде газ баллоны жарылып, өрт шыққан еді. Соңғы мәлімет бойынша, жарақат алғандардың тағы екеуі қайтыс болып, қаза тапқандар саны 11 адамға жетті.