homepage
Фото: instagram.com/112jetisu

Жетісу облысында балықшы мен құтқарушы қаза тапты

11.03.2026, 14:30

Жетісу облысында құтқару жұмыстары барысында Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері көз жұмды. Қайғылы оқиға мұз жарылып, балықшыны құтқару кезінде болған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Жетісу облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 7 наурыз күні Алматы облысындағы Алтынкөл көлінде мұз жарылып, бөлініп кеткен мұз үстінде балықшы қалып қойған. Оны көлдің ортасына қарай ағыс алып кеткен. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар балықшыны алып шығу үшін құтқару операциясын бастаған.

Құтқару жұмыстары кезінде мұз қайтадан жарылып кеткен. Соның салдарынан Панфилов аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің №11 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы, азаматтық қорғау майоры Дамир Таранов қаза тапты.

Астанада өткен баспасөз жиынында Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев оқиға бойынша қызметтік тексеру басталғанын айтты. Оның сөзінше, құтқарушы мұз үстімен жүріп барып адамды құтқармақ болған кезде мұз опырылып кеткен.

Вице-министрдің айтуынша, оқиға салдарынан балықшы да суға кетіп, қаза болды.

Дамир Таранов 1994 жылы туған. Ол азаматтық қорғау жүйесіндегі қызметін 2012 жылы Көкшетау техникалық институтына түсіп бастаған. 2016 жылдан бастап өртке қарсы қызмет органдарында еңбек етіп, Панфилов ауданы мен Қапшағай қаласындағы өрт сөндіру бөлімдерінде жауапты қызмет атқарған.

Соңғы жылдары Жетісу облысы Панфилов ауданындағы №11 өрт сөндіру бөлімінде қызмет еткен. Әріптестері оны тәжірибелі маман әрі білікті басшы ретінде сипаттайды.

Марқұмның артында жұбайы мен екі баласы қалды.