homepage
Фото: ашық дереккөзден/көрнекі сурет

Бес өңірде су тасқыны қаупі күшейді

11.03.2026, 14:09

Көктемгі кезеңде Қазақстанның бес өңірінде су тасқыны қаупі жоғары болып отыр. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары Кеген Тұрсынбаев Сенат кулуарында мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Оның айтуынша, Төтенше жағдайлар министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар табиғи апаттың алдын алу үшін бірлесіп жұмыс жүргізіп жатыр. «Тасқын» ақпараттық жүйесінің дерегіне сәйкес, су тасқыны қаупі Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Абай, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарында байқалып отыр.

Вице-министрдің сөзінше, қазіргі таңда жағдай тәулік бойы бақылауда. 1 наурыздан бастап ел аумағында жедел штаб жұмыс істеп жатыр.

Кеген Тұрсынбаев елді мекендерді су басуға жол бермеу үшін қажетті барлық алдын алу шаралары қабылданып жатқанын айтты. Оның мәліметінше, әзірге тұрғын елді мекендерге тікелей қауіп жоқ.

Бұған дейін Үкімет мүшелері де елдегі көктемгі су тасқынына қатысты ахуалды талқылаған болатын.