homepage
Фото: СhatGPT арқылы жасалды

Жамбыл облысында WhatsApp арқылы тауар сатқан ерлі-зайыптылар сотталды

11.03.2026, 12:09

Жамбыл облысында тұрмыстық тауар сатамыз деп, жүзден аса адамды алдаған ерлі-зайыптыларға сот үкімі шықты. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады, деп жазады Juzmedia.kz.

Тергеу дерегінше, олар 2024 жылдың желтоқсанында WhatsApp мессенджері арқылы ыдыс-аяқ пен тұрмыстық техника сататыны туралы хабарландырулар тарата бастаған. Алғашында сатып алушылардың сеніміне кіру үшін бірнеше клиентке тауарды шынымен жеткізген. Кейін басқа азаматтардан тапсырыс ақшасын алғанымен, тауарды бермей, қаражатты өз қажетіне жұмсаған.

Соның салдарынан 112 адам зардап шегіп, жалпы 51 миллион теңге көлемінде материалдық шығын келген.

Сот шешімімен ер адам 2 жыл 8 айға, ал оның жұбайы 2 жыл 4 айға бас бостандығынан айырылды.

Прокуратура азаматтарды мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы тауар сатып алғанда сақ болуға шақырды. Әсіресе бағасы тым арзан ұсыныстарға құжатсыз және кепілдіксіз сенбеуге, ал күдік туындаса бірден құқық қорғау органдарына жүгінуге кеңес берді.

Бұған дейін полиция WhatsApp-та алаяқтықтың жаңа түрі пайда болғанын ескертті. Мәліметке қарағанда, кибералаяқтар GhostPairing әдісін пайдаланып, қолданушылардың WhatsApp аккаунттарына жасырын түрде қол жеткізе алады.