homepage
Фото: ашық дереккөзден/көрнекі сурет

Халықтың қарызы рекорд деңгейге жетті

11.03.2026, 11:36

Қазақстанда халықтың қарыз жүктемесі ең жоғары деңгейге жетті. Дүниежүзілік банк дерегінше, 2025 жылдың төртінші тоқсанында үй шаруашылықтарының қарызы жалақының 51 пайызына тең болды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Halyk Finance сарапшылары Дүниежүзілік банктің Қазақстанға қатысты ақпан айындағы шолуын талдаған. Онда халық қарызының деңгейі 2008–2009 жылдардағы қаржы дағдарысына дейінгі көрсеткіштен де асып кеткені айтылған.

2020–2025 жылдар аралығында халықтың нақты қарызы шамамен екі есе өскен. Ал осы кезеңде табыс небәрі 15 пайызға ғана артқан.

Дүниежүзілік банк 2025 жылы халықтың нақты табысы төмендегенін атап өтеді. Соның салдарынан көптеген адам күнделікті шығындарын жабу үшін несие алуға мәжбүр. Әсіресе табысы төмен отбасылар мен ауыл тұрғындары осал топқа жатады.

Сарапшылардың айтуынша, реттеуші енгізген шаралар тұтынушылық несиенің өсуін біршама баяулатқан. Қазір оның ішкі жалпы өнімдегі үлесі шамамен 16 пайыз деңгейінде. Дегенмен Дүниежүзілік банк қазіргі қарыз көлемінің өсуін қаржылық тұрақтылық белгісі емес, халықтың амалсыз қадамға баруы деп бағалайды.