Синоптиктер 12–14 наурыз аралығына арналған ауа райы болжамын жариялады. Мамандардың айтуынша, алдағы күндері Қазақстанның көп бөлігінде ауа температурасы біртіндеп көтеріле бастайды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Көктем келгеніне қарамастан, елдің бірқатар өңірінде қыс ызғары әлі сезіліп тұр. Әсіресе солтүстік пен шығыс аймақтарда ауа райы әлі суық. Синоптиктердің мәліметінше, қар мен бораннан кейін бұл өңірлерге суық антициклон әсер етіп, ауа температурасы айтарлықтай төмендеген.
Дегенмен 12 наурыздан бастап ел аумағы біртіндеп жылынады. Солтүстікте ауа температурасы нөл градус маңында және сәл ғана оң көрсеткіште болады. Ал оңтүстікте апта ортасына қарай ауа температурасы 5–10 градусқа дейін жылынады.
Синоптиктердің болжамынша, 2026 жылдың наурызы жалпы алғанда жылы болады. Сонымен қатар елдің басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері қалыпты деңгейден жоғары болуы мүмкін.
Ай бойы ауа райы құбылмалы болады деп күтіледі: солтүстікте қар мен боран болуы ықтимал, ал оңтүстік пен батыста жаңбыр мен сулы қар жаууы мүмкін. Жалпы температура климаттық нормадан шамамен бір градусқа жоғары болады, бірақ ара-тұра қысқа мерзімді суыту байқалуы мүмкін.