Конституциялық сотқа бұрынғы күйеуінің банк шоттары туралы мәлімет ала алмаған әйелден өтініш түсті. Банктер ақпарат беруден бас тартып, оны банк құпиясы туралы заң нормасымен түсіндірген, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Өтініш иесінің айтуынша, ажырасқаннан кейін ол бұрынғы жұбайының шоттары туралы мәлімет сұраған. Алайда банктер «Банктер және банк қызметі туралы» заңның 50-бабының 4-тармағына сүйеніп, ақпаратты тек клиенттің өзіне немесе оның рұқсаты бар үшінші тұлғаға ғана беруге болатынын айтып, мәлімет бермеген.
Өтініште көрсетілгендей, әйел ажырасқаннан кейін ортақ мүлікті бөлу үшін сотқа талап арыз дайындаған. Алайда некеде тұрған кезде жиналған бұрынғы күйеуінің қаржы жинақтары туралы мәлімет ала алмаған.
Осыған байланысты ол екінші деңгейлі банктерді сотқа беріп, қажетті ақпаратты ұсынуды талап еткен. Бірақ сот оның талабын қанағаттандырмаған.
Істі қарау барысында сот отырысына өтініш иесі мен оның заң кеңесшісі, Парламент палаталарының өкілдері, Бас прокуратура, Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Әділет министрлігі, Заңнама және құқықтық ақпарат институты, сондай-ақ Парламентаризм институтының өкілдері қатысты.