Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен Салық кодексін енгізу жөнінде жобалық кеңестің отырысы өтті. Онда кодекске енгізілуі мүмкін бірнеше өзгеріс талқыланды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Үкіметтің мәліметінше, ұсыныстардың бірі мүгедектігі бар адамдарға берілетін салық шегеріміне қатысты. Қазір оның мөлшері мүгедектік тобына қарай 5000 немесе 882 айлық есептік көрсеткіш көлемінде болады. Егер адамның мүгедектік тобы бір жыл ішінде өзгерсе, ең жоғары шегерім – 5000 АЕК қолдану ұсынылып отыр.
Тағы бір ұсыныс – кредиттер, қарыздар және микрокредиттер бойынша пайыздарға қатысты электронды шот-фактура талаптарын алып тастау. Негізінде мұндай операциялар қосылған құн салығынан босатылған. Бірақ заңдағы техникалық дәлсіздікке байланысты олар электронды шот-фактура талап етілмейтін операциялар тізіміне кірмей қалған. Егер өзгеріс қабылданса, бұл норма 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енуі мүмкін.
Жиында салық құпиясына кірмейтін мәліметтердің тізімін кеңейту де ұсынылды. Атап айтқанда, әлеуметтік төлемдердің көлемі, сол төлемдер бойынша қарыздар және салық төлеушінің тіркеу деректері құпия ақпарат қатарына жатпауы мүмкін. Бұл шаралар салық жүйесін цифрландыруға және әлеуметтік міндеттемелерді орындауды жеңілдетуге бағытталған.
Сонымен қатар авиацияға арналған жанармай импортын қосылған құн салығынан босату нормасын нақтылау, энергетикалық сусындарды экспорттағанда акциз салмау және кең таралған пайдалы қазбалар бойынша төлемдерді есептеу тәртібін түзету мәселелері де көтерілді.
Еске салсақ, Қазақстанда 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енді. Соның нәтижесінде бұрын болған жеті арнайы салық режимі үшке дейін қысқарды.