Иран Ормуз бұғазына теңіз миналарын орналастырды деген ақпараттан кейін АҚШ президенті Дональд Трамп Тегеранға қатаң ескерту жасады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
АҚШ барлау қызметі Иран Ормуз бұғазында теңіз миналарын орналастырған болуы мүмкін деген мәлімет таратты. Осыған байланысты Дональд Трамп мәлімдеме жасап, егер жарылғыш заттардың қойылғаны расталса, оларды тез арада алып тастау қажет екенін айтты. Оның сөзінше, талап орындалмаса, салдары бұрын-соңды болмаған деңгейде болуы мүмкін.
Бұл жағдайға Иран тарапы да пікір білдірді. Иранның Жоғары ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы әлеуметтік желідегі парақшасында Ормуз бұғазы туралы жазба жариялап:
«Ормуз бұғазы барлық ел үшін бейбітшілік пен өркендеу жолына айналады немесе соғысқұмарлар үшін жеңіліс пен қайғы әкелетін аймақ болады», – деп мәлімдеді.
Ормуз бұғазы – әлемдік мұнай тасымалы өтетін ең маңызды теңіз жолдарының бірі. Соңғы уақытта бірнеше кемеге соққы жасалғаннан кейін бұғаз арқылы қозғалыс тоқтағаны хабарланды.
Бұл бағыт арқылы әлемдегі мұнайдың шамамен бестен бір бөлігі және сұйытылған табиғи газдың үштен біріне жуығы тасымалданады. Ал наурыз айының басында Иранның Ислам революциясы сақшылары корпусы Ормуз арқылы өтетін кез келген кемеге соққы жасалуы мүмкін екенін ескерткен.