“Burger King” тез тамақтану желісі өз қызметкерлерін мереке күндері жұмыс істеткізіп, ол үшін төлем жасамаған. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді. Әлібек Қаратайға қатысты жанжалдан соң компанияның қызметіне тексеріс жүргізген министрлік анықтаған кемшіліктер бір бұл ғана емес. Компания жалақыны кешіктірген, жалақыдан заңсыз алымдар алып, істелген жұмыс сағаттарын есептемеген.
Алматыда «QSR» ЖШС (Burger King) компаниясына жүргізілген жоспардан тыс тексеріс еңбек заңнамасынан бөлек қауіпсіздік талаптары сақталмағанын да көрсетңп берді. Атап айтқанда, арнайы киім, жеке қорғаныс құралдары болмаған, еңбек инспекторлары еңбекті қорғау бойынша міндетті нұсқамалардың өткізілмегенін де анықтаған.
Компанияға анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің үш бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды, компания үлкен сомада айыппұл төлейтін болады.
Естеріңізге сала өтсек, аутизм дерті бар алматылық қызметкерін жұмыстан шығарамыз деп компанияның басы дауға қалған болатын. Жанжалдан кейін желі екі басқарушыны қызметінен босатты.