homepage
Фото: видеодан алынған кадр

Астана – Қарағанды тасжолында ірі апат, қаза тапқандар бар

10.03.2026, 16:07

10 наурыз күні Астана – Қарағанды тасжолында бірнеше көлік соқтығысқан жол апаты болды. Алдын ала мәлімет бойынша, Ошағанды ауылы маңындағы жолдың 147-шақырымында жеті көлік бір-біріне соғылған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Қарағанды облысы полиция департаментінің мәліметінше, апатқа ауа райының күрт бұзылуы себеп болған. Бұл аумақта қатты боран соғып, жел күшейіп, жол нашар көрінді.

Алдымен Chevrolet Nexia мен Chery Tiggo көліктері соқтығысқан. Артынша Toyota Land Cruiser Chery көлігіне келіп соғылған. Кейін оған жүк көлігі соғылып, артынан «ҚазАвтоЖол» компаниясының қызметтік пикапы мен УАЗ Hunter көлігі де апатқа ұшыраған.

Жол апаты салдарынан Toyota Land Cruiser көлігінің жолаушысы алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды. УАЗ Hunter жүргізушісі жарақат алып, ауруханаға жеткізілген.

Полицияның мәліметінше, Toyota Land Cruiser мен УАЗ Hunter көліктері жол қозғалысына шектеу енгізілмей тұрып тасжолға шыққан.

Қазір оқиға орнында полиция қызметкерлері, құтқарушылар мен жедел жәрдем бригадасы жұмыс істеп жатыр.