homepage
Фото: ашық дереккөзден/көрнекі сурет

Шымкент әкімдігі тұрғынға 83 млн теңге төлеуге міндеттелді

10.03.2026, 15:46

Шымкентте мемлекет қажетіне алынған жерге қатысты дау сотта қаралып, жер иесінің пайдасына шешілді. Сот шешімімен қалалық жер қатынастары басқармасы тұрғынға 83,4 миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттелді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Іс құжаттарына қарағанда, тұрғынның иелігінде 0,19 гектар жер болған. Қала әкімдігінің шешімімен бұл жер мемлекет қажетіне алынып, оның орнына автомобиль жолы салынған.

Әкімдік алдымен жердің құнын 46 миллион теңге деп бағалаған. Бірақ жер иесі бұл бағаға келіспепті. Кейін әкімдік сотқа жүгініп, жерді мемлекет қажетіне алу туралы талап қойғанымен, арызын кейін қайтарып алған.

Соған қарамастан әкімдіктің шешімімен жер алынып, жол салынған. Ал жер иесіне тиесілі өтемақы төленбеген.

«Сот құрылыс-тауартану қортындысына сәйкес, талап қоюшыға тиесілі жер учаскесінің нарықтық құны 83 млн теңгеден асатыны көрсетілген. Соттың шешімімен, талап қою қанағаттандырылды. «Шымкент қаласының жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесі талап қоюшыға тиесілі мемлекет мұқтажы үшін алынған жер учаскесіне 83 419 500 теңге өтемақы құнын төлеу міндеттелген» делінген сот хабарламасында.

Бұл шешім апелляциялық сотта да қаралып, өзгеріссіз қалды. Қаулы заңды күшіне енді.