Қазақстан азаматтары зейнетақы қорындағы жинағын емделуге жұмсау мүмкіндігіне қайта ие болады. Алайда бұл мүмкіндік 2026 жылдың соңына қарай беріледі, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
«Отбасы банкінің» басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, биыл жылдың соңына дейін арнайы бірыңғай интернет-портал іске қосу жоспарланып отыр. Ол жүйеде азаматтар зейнетақы қаражатын жұмсауға болатын стоматология және басқа да медициналық мекемелер тізімі орналастырылады.
Портал арқылы емдеу қызметі онлайн рәсімделеді. Атқарылған жұмыс туралы акт те осы жүйеде жасалып, платформа Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерімен біріктіріледі.