Қазақстанда 2000 жылдардың басында туған жастар енді баспана алатын жасқа жетіп жатыр. Соның әсерінен алдағы екі-үш жылда тұрғын үй бағасы төмендей қоймайды. Бұл туралы «Отбасы банкінің» басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова айтты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ибрагимованың сөзінше, 2000 жылы елде 222 мың бала дүниеге келсе, 2007 жылы бұл көрсеткіш 321,9 мыңға дейін өскен. Яғни сол кезеңде жыл сайын туғандар саны шамамен 15–20 мың адамға көбейіп отырған. Қазір сол буынның алғашқы легі 26–27 жасқа келіп, отбасы құрып, үй алуға ұмтылып жатыр.
«Жас отбасының ең алдымен ойлайтыны – баспана. 2000–2009 жылдары туған буын алдағы жылдары тұрғын үй нарығына айтарлықтай ықпал етеді. Сондықтан 2026–2027 жылдары баға төмендейді деп айту қиын. Ескі үйлердің бағасы біршама тоқтауы мүмкін, бірақ жаңа үйлердің құны құрылыс материалдары мен жұмысшылардың еңбекақысына байланысты», – деді ол.
Оның айтуынша, 2025 жылы Қазақстанда 20,5 миллион шаршы метр тұрғын үй салынған, бұл шамамен 150 мың пәтер. Соған қарамастан, үй алғысы келетіндердің саны әлі де көп.
Тұрғын үйге сұранысты көрсететін белгінің бірі – неке саны. Елде жыл сайын шамамен 120–130 мың неке тіркеледі. Былтыр бұл көрсеткіш 114 мыңға дейін төмендеп, соңғы жылдардағы ең аз деңгейдің бірі болды.
Ибрагимова ескі үйлер нарығында баға біраз уақыт өзгермей тұруы мүмкін екенін айтты. Ал жаңадан салынып жатқан үйлерге сұраныс жоғары күйінде қала береді, өйткені олардың бағасы құрылыстың өзіндік құны мен халықтың табысына тікелей байланысты.