Щучинск қаласындағы дәмханада болған жарылыстан қаза тапқандар саны 11 адамға жетті. Соңғы екі күнде ауыр жараланған тағы екі адам ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан екі науқастың өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған. 8 наурыз күні «Авиценна-Бурабай» стационарының жансақтау бөлімінде жатқан науқас қайтыс болса, 9 наурызда Көкшетаудағы көпсалалы облыстық ауруханада ем алып жатқан әйел көз жұмған.
Қазір дәрігерлер жарылыс кезінде жарақат алған өзге адамдарды емдеуді жалғастырып жатыр. Медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатқанын өңірлік денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.
Еске салайық, 26 ақпан күні Щучинск қаласындағы бір қабатты дәмханалардың бірінде жарылыс болған. Алғашында алты адамның қаза тапқаны және жиырмаға жуық адамның жараланғаны хабарланған еді.
Кейін жараланғандардың арасында болған 16 жастағы қыз қайтыс болып, қаза тапқандар саны жетіге жетті. Оқиғадан кейін 13 адам ауруханаға жеткізіліп, олардың төртеуі жансақтау бөліміне жатқызылды.
Кейін тағы екі адам ауруханада көз жұмып, құрбандар саны тоғызға жетті. Ал соңғы екі науқас қайтыс болғанан кейін қаза тапқандар саны 11 адамға жетті.
Оқиғадан кейін «Центр плова» дәмханасының директоры ұсталып, қылмыстық іс қозғалды. Тергеу өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу салдарынан екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан бап бойынша жүргізіліп жатыр. Кафе иесі екі айға қамауға алынған.