homepage
Фото: Threads/sellan_ro

Вьетнамда жоғалған қазақ қызы табылды

10.03.2026, 12:24

Вьетнамда із-түзсіз жоғалып кеткен 26 жастағы қазақстандық Әсем аман табылды. Бұл туралы бойжеткеннің әпкесі айтты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Қазіргі уақытта Әсем полиция бөлімшесінде.

«Әсем тірі, бірақ оның жағдайы алаңдатады. Тергеу жүріп жатқандықтан, әзірге оқиғаның мән-жайын айта алмаймыз. Ең бастысы – ол табылды», – деді бойжеткеннің әпкесі.

Еске салайық, 6 наурыз күні Қазақстан азаматы Әсем Вьетнамның Хошимин қаласында жоғалып кеткен еді. Туыстарының айтуынша, сол күні ол Ханой қаласына ұшып барып, Қазақстан консулымен кездесуі тиіс болған.

Алайда әуежайға шамамен 20 шақырым қалғанда Әсеммен байланыс үзілген. Бұған дейін ол әпкесіне соңынан біреулер аңдып жүргенін, қатты қорқып қалғанын айтқан. 

Кейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бойжеткенді іздеу жұмыстары Вьетнамның құзырлы органдарымен бірлесіп жүргізіліп жатқанын хабарлаған еді.