Тұрғын үй сатып алуға арналған жаңа «Наурыз» бағдарламасы 10 наурыздан бастап іске қосылды. Бағдарлама арқылы азаматтар жеңілдетілген мөлшерлемемен баспана ала алады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
«Отбасы банкінің» мәліметінше, әлеуметтік осал топтарына жататын және тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға несие жылдық 7%-бен беріледі. Ал өзге қатысушылар үшін мөлшерлеме 9% болады.
Несие сомасының ең жоғары мөлшері Астана мен Алматыда 36 миллион теңгеге дейін, басқа өңірлерде 30 миллион теңгеге дейін белгіленген. Алғашқы жарна 20%-дан басталады, ал бастапқы нарықтағы толық жөнделген пәтер сатып алынса, 10% болуы мүмкін.
Бағдарламаға қатысу үшін азаматтардың «Отбасы банкте» депозиті болуы керек және салымдағы қаражат кемінде 2 миллион теңге болуы тиіс. Қатысушылар балдық жүйе арқылы іріктеледі.