homepage
Фото: ашық дереккөзден

Назым Қызайбай әлемнің ТОП-10 боксшысының қатарында

10.03.2026, 11:01

Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны Назым Қызайбай салмақ дәрежесіне қарамастан жасалатын әлемдік pound-for-pound рейтингінде жетінші орынға көтерілді. Бұл тізімді BoxRec порталы жариялады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Жаңартылған рейтингте Қызайбай алғашқы ондыққа енген жалғыз қазақстандық боксшы атанды. Тізімнің көшін қытайлық У Ю бастап тұр. Одан кейін ирландиялық Келли Харрингтон мен солтүстіккореялық Пан Чхоль Ми орналасқан.

Әлемнің 50 үздік әуесқой боксшысы қатарына Қазақстаннан тағы төрт спортшы кірді. Алуа Балкибекова 11-орынға жайғасса, Аида Әбикеева – 20-орында. Виктория Графеева 22-орынды иеленді, ал Наталья Богданова 35-орында тұр.

Назым Қызайбай – қазақстандық бокстың ең табысты спортшыларының бірі. Ол ел тарихында алғаш рет үш мәрте әлем чемпионы атанған боксшы. Қызайбай бұл атақты 2014, 2016 және 2025 жылдары жеңіп алған. Сонымен қатар ол 2021 жылғы Азия чемпионатының жеңімпазы және 2024 жылы Парижде өткен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері.