homepage
Фото: Threads/sellan_ro

Вьетнамда қазақ қызы жоғалып кетті

10.03.2026, 10:32

Вьетнамда 26 жастағы Әсем есімді қазақстандық бойжеткен із-түзсіз жоғалып кетті. Туыстары оны 6 наурыздан бері іздестіріп жатыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бұл жағдайға байланысты мәлімдеме жасады.

«Қазақстанның Вьетнамдағы елшілігі азаматтың туыстарымен байланыста және Вьетнамның құзыретті органдарымен өзара іс-қимыл жасап жатыр. Қазіргі уақытта оның орналасқан жерін анықтау бойынша жұмыс жүргізілуде. Жағдай ҚР СІМ-нің бақылауында», – делінген министрлік хабарламасында.

Әсемнің жоғалғаны туралы алғаш болып оның әпкесі әлеуметтік желіде жазған. Оның айтуынша, бойжеткен 6 наурыз күні Ханой қаласына ұшып барып, сол жерде Қазақстан консулымен кездесуі тиіс болған. Алайда әуежайға жетуіне шамамен 20 шақырымдай қалғанда Әсеммен байланыс үзіліп кеткен. Бұған дейін ол соңынан біреулер аңдып жүргенін айтып, қатты қорқып жүргенін жеткізген.

Туыстары Вьетнамда немесе көрші елдерде жүрген қазақстандық туристерден көмек сұрап отыр. Әсіресе WhatsApp пен Telegram желілеріндегі туристік және жергілікті қауымдастық топтарына назар аударуды өтінген.