homepage
Фото: ашық дереккөзден/көрнекі сурет

Қарағанды облысы тұрғындарына игерілмеген ақша қайтарылады

10.03.2026, 09:32

Қарағанды облысының тұрғындарына коммуналдық қызмет ақысынан жиналып, игерілмей қалған 3,1 миллиард теңгеден астам қаражат кері қайтарылады. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Табиғи монополияларды реттеу комитеті жеткізді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Комитеттің дерегінше, мамандар 2024 жылға қатысты табиғи монополия саласындағы кәсіпорындардың есептерін саралаған. Барлығы 73 мекеме тапсырған екі жүзге жуық құжат қаралған. Олардың ішінде тариф бойынша жоспарланған шығындардың орындалуы мен инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуына байланысты есептер бар.

Тексеру нәтижесінде 18 кәсіпорын тарифке кірген кейбір жұмыстардың толық атқарылмағаны және жоспарланған шығындардың бір бөлігі игерілмегені анықталды. Мұндай жағдайда заң бойынша өтемдік тариф қолданылады. Яғни кәсіпорындар тариф арқылы алғанымен, игерілмеген қаражат тұрғындарға қайта есептеліп беріледі.

Ұлттық банктің қайта қаржыландыру мөлшерлемесі ескерілгенде, тұрғындарға қайтарылатын жалпы сома 3,1 миллиард теңгеден асады. Өтемдік тариф 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2027 жылдың 1 наурызына дейін күшінде болады.

Қайтарылатын қаржы бірнеше қызмет түріне бөлінеді. Соның ішінде ең үлкен үлес сумен қамту және кәріз жүйесінде – 2,27 миллиард теңге. Электр энергиясын жеткізу қызметіне – 669,6 миллион теңге, жылумен қамтуға – 107,7 миллион теңге, кірме теміржол жолдарын ұстауға – 3,7 миллион теңге, ал газбен қамту қызметіне 55,6 миллион теңге қарастырылған.