homepage
Фото: ІІМ

Жоғалған ағайындылардың мәйіті табылды

10.03.2026, 09:07

Атырау қаласының маңындағы Геолог ықшамауданында бұған дейін жоғалып кеткен Жангелдин ауылының тұрғындары – Наурыз бен Мирамгүлдің денелері табылды. Мәйіттер осыған дейін күдікті Сұлтан Сәрсемалиев әйелімен бірге жалдап тұрған үйдің ауласынан шықты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Тергеу мәліметінше, Сұлтан Сәрсемалиев пен оның жұбайы Ақбаян Мұқанғалиева кеше Алматы қаласына жеткізілген. Алматыда жүргізілген тергеу барысында Сәрсемалиев Наурыз бен Мирамгүлді өлтіргенін мойындап, олардың денелерін Геолог ықшамауданындағы бұрын өзі жалдап тұрған үйдің ауласына көміп тастағанын айтқан.

Осы ақпараттан кейін Атыраудағы тергеушілер көрсетілген мекенжайда қайтадан қазу жұмыстарын жүргізді. Соның нәтижесінде бұрын жоғалып кеткен екі адамның мәйіттері табылды.

Жангелдин ауылының тұрғындарын іздеу жұмыстары өткен жылдың желтоқсан айынан бері жүргізіліп келген. Іздеуге полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұлан сарбаздары жұмылдырылып, арнайы штаб құрылған. Үйдің аумағы мен айналасы арнайы техникамен, соның ішінде жер қыртысын зерттейтін құрылғылар арқылы тексерілгенімен, алғашқы іздеу нәтижесіз аяқталған еді.

Бұған дейін Жангелдин ауылындағы қорадан екі адамның мәйіті табылған. Ал күдікті Сұлтан Сәрсемалиев пен оның жұбайы Ақбаян Мұқанғалиева кейін Индонезияда ұсталған болатын.