homepage
Фото: ҚР Ұлттық ұланы

«Привет, Андрей!»: Ұлттық ұланның ерлер хоры Мәскеуде өнер көрсетті

09.03.2026, 11:03

ҚР ІІМ Ұлттық ұланы Ән-би ансамблінің Ерлер хоры Ресейдің «Россия-1» телеарнасындағы танымал «Привет, Андрей!» музыкалық бағдарламасына қатысты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Тележүргізуші Андрей Малаховтың студиясында отандық өнерпаздар халықаралық деңгейдегі кәсібиліктерін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Ұжым бағдарлама барысында кеңінен танымал «Когда мы были на войне» атты казак әнін орындады. Шығарма хордың өзіне тән қуатты дауысымен, сахналық пластикамен және би элементтерімен үйлесім тауып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Қазақстандық әртістердің өнеріне студия қонағы болған ресейлік эстрада жұлдызы Дмитрий Маликов жоғары баға берді.

Музыкалық нөмірден бөлек, ұландықтар қазақы дәстүрмен студияға арнайы сый-сияпат ала келді. Түсірілім кезінде орын алған қызықты сәт — дастархандағы жабық тұрған қияр банкасын қонақтардың ешқайсысы аша алмауы болды. Бұл «сынақтан» хор солисі оңай өтіп, өзінің сарбазға тән қауқарын көрсетті.

Айта кетейік, биыл Ұлттық ұланның ерлер хорының құрылғанына 10 жыл толып отыр. Осы айтулы мерейтойға орай ұжым қазіргі таңда үздік шығармалардан тұратын үлкен мерекелік концерт әзірлеуде.

Бұған дейін аталған хор ресейлік «Ну-ка, все вместе!» вокалдық шоуында Linkin Park тобының «Numb» әнін домбыра сүйемелдеуімен орындап, әлеуметтік желілерде үлкен резонанс тудырған болатын. Бұл ұжымның әлемдік хиттерді ұлттық аспаппен шебер ұштастыра білетін бірегей бағытын тағы да айқындады.