homepage
Фото: Ақорда

Тоқаев әйелдер қауымын мерекемен құттықтады

08.03.2026, 09:14

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық әйелдер күніне орай қазақстандық әйелдерді құттықтап, олардың қоғам мен мемлекет өміріндегі рөлі ерекше екенін атап өтті, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Президент өз құттықтауында әйелдер қауымы мейірім мен сұлулықтың ғана емес, жасампаздық пен жаңашылдықтың да символы екенін айтты. Оның сөзінше, әйелдер қандай қиындық болса да еңсеріп, даналық, жауапкершілік және батылдықтың үлгісін көрсетіп келеді.

«Әйел – ұлттың жаны» десек, артық болмайды. Өздеріңіз берген тәлім-тәрбие арқылы ұрпақтың дүниетанымы қалыптасады, жастар әдептілік, отаншылдық, еңбекқорлық, білімпаздық сынды асыл қасиеттерді бойына сіңіреді, – деді Президент.

Тоқаев сондай-ақ қазақ тарихындағы қайсар қыздардың ерлігі мен парасаты ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқанын айтты. Бүгінде көптеген әйелдер білім, медицина, ғылым, мемлекеттік қызмет, бизнес, өндіріс және әскери салада елге қызмет етіп жүргенін атап өтті.

Президент Қазақстан қоғамы үлкен жаңғыру кезеңінен өтіп жатқанын айтып, жаңа Конституция жобасында ана мен баланы қорғау, неке мен отбасы институтын нығайту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінгенін жеткізді. Сонымен бірге қоғамда әділдік, еңбекқорлық, жауапты отаншылдық және табиғатты қорғау қағидаттарын қалыптастыруға басымдық берілетінін айтты.

Мемлекет басшысы әйелдер қауымы алдағы уақытта да Әділетті әрі өркендеген Қазақстанды құру ісіне белсенді үлес қоса беретініне сенім білдіріп, барша әйелге денсаулық, бақ-береке және табыс тіледі.