Қыз-келіншектер күнделікті өмірде тап болатын мәселелерге қоғамның назарын аудару үшін саяси қайраткер Клара Цеткин арнайы бір күнді белгілеуді ұсынды. Міне, содан бері 8-наурыз халықаралық әйелдер күні ретінде тойланып келеді. Заман дамып, уақыт көшсе де осыдан бірнеше ғасыр бұрын өзекті болған кейбір мәселелер бүгінгі дәуірдің да бас ауруы болып отыр. Қазақ қоғамының сондай бір беті жазылмаған жарасы – тұрмыстық зорлық-зомбылық. Жыл сайын 100 мыңнан астам әйелден хабарлама түседі. Соңғы 4-5 жылда 800-ден астам әйел қаза тауып, жылына 80-ге жуығы түрлі дене жарақатын алған.
Редакциямыз бүгін тұрмыстық зорлық-зомбылық пен қоғамның қыз бала туралы қалыптасқан қате түсінігінің кесірінен қаза тапқан аруларымызды еске алуды ұйғарды. Қара тізімді әрине марқұм Салтанат Нүкеновадан бастауды жөн көрдік.

Салтанат Нүкенова - 31 жасында бұрынғы министр Қуандық Бишімбаевтың қолынан қаза тапты. 2023 жылдың қарашасындағы оның қазасы Қазақстанда ғана емес әлемде резонанс тудырып, әйелдер қауіпсіздігі мен құқығына қатысты үлкен бір бұлқыныстың бастауына айналды. Осы оқиғадан кейін елімізде арнайы заң қабылданып, мемлекет бұл мәселеге тереңінен үңіле бастады. Халық арасында «Салтанаты заңы» аталып кеткен құжат талай қорғансыз қыздың тағдырына қалқан болды.

Нұрай Серікбай – тағы бір тағдыр, тағы бір трагедия. 21 жастағы шымкенттік студентті оның танысы далада қуып жүріп, пышақтап кетті. Нұрай көз жұмды. Күдікті 28 жастағы Шерхан Аймаханов ұсталды. Ол Нұрайды аңдып (сталкинг), ол қарсы болса да қарым қатынасты жалғастыруды талап еткен, зорлап тұрмысқа шығармақ болған.

Яна Легкодимова - 23 жастағы атыраулық бойжеткен. Былтыр Қазақстанда үлкен қоғамдық резонанс тудырған тағы бір ауыр да аяусыз қылмыс. 8 қазан 2024 жылы Яна үйден шығып кеткеннен кейін із-түзсіз жоғалып кетті. Іздеу жүріп, тек 2025 жылдың жазында Жайық өзенінен оның денесінің бөліктері табылды. Тергеу деректері бойынша оны бұрынғы таныстары - Ризуан Хайржанов пен Алтынбек Катимов алдын ала сөз байласу арқылы өлтіріп, денесін өзенге тастаған.

Айзат Жұманова - 2025 жылы Жетісу облысы Ақсу ауданында күйеуінің қолынан қаза тапқан 32 жастағы қазақ келіншегі. Күйеуі ішіп келіп, аяусыз соққыға жыққан. Айзат Талдықорғандағы ауруханада реанимацияда қайтыс болды. Туыстары мен қоғам белсенділері бұл істі аса қатыгездікпен жасалған қылмыс деп санайды. Бұл Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін тағы да қоғам талқысына шығарған резонансты оқиғалардың бірі болды.
Төрт тағдыр, төрт трагедия. Бұл қоғамда ашық талқыланған, резонанс жинаған оқиғалар ғана. Ал, айтылмай, айтпай қалғаны қаншама. Бұл оқиғалар бізге қыздардың, әйелдердің қауіпсіздігін қорғау, құқықтарын сақтау және жүйелі профилактиканы күшейту қажеттігін еске салады. Олар қыршынынан қиылғанымен, есімі мен тағдыры кейінгі ұрпаққа әділет, сақтық және қоғамдағы жауапкершілік туралы маңызды сабақ болмақ.