Әзербайжанның Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі Баку-Жейхан мұнай құбырын, Израильдің Бакудегі елшілігін және синагоганы жару жоспарының жолы кесілгенін мәлімдеді, операция барысында үш жарылғыш құрылғы залалсыздандырылып, сегіз адам ұсталды деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Арнайы қызметтің мәліметінше, бұл әрекетті ұйымдастыруға Иранның Ислам революциясы сақшылары корпусының қатысы бар. Террорлық жоспарды іске асыру үшін стратегиялық маңызы бар нысандар таңдалған. Олардың қатарында Баку-Жейхан мұнай құбыры, Израильдің Әзербайжандағы елшілігі, таулы еврейлер діни қауымдастығы жетекшілерінің бірі және «Ашкенази» синагогасы болған.
Қауіпсіздік қызметі бұл әрекеттің мақсаты қоғамда дүрбелең туғызу және Әзербайжанның халықаралық беделіне нұқсан келтіру болғанын атап өтті. Тергеу барысында террорлық жоспарды жүзеге асыруға көмектесті деген күдікпен сегіз адам ұсталған.
Оқиға өңірдегі жағдайдың ушыға түскенін көрсетеді. Бұған дейін Әзербайжан Сыртқы істер министрлігі Иранның дипломатиялық қызметкерлерін елден шығаратынын жариялаған еді. Сонымен қатар, Әзербайжан Қорғаныс министрлігі Нахшыван қаласына Иран тарапынан төрт дронмен шабуыл жасалғанын мәлімдеді.
Президент Ильхам Әлиев бұл оқиғаны террорлық акт деп бағалады. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас әрі стратегиялық серіктес Әзербайжанға қарсы жасалған әрекетті қатаң айыптайтынын білдірді.