homepage

Әлемді мойындатқан қазақ қыздары

08.03.2026, 17:16

Әр салада табысқа жетіп, Қазақстанның атын халықаралық деңгейде танытып жүрген қазақ қыздары аз емес. Олар  еңбек етіп, өз таланты мен табандылығының арқасында халықаралық деңгейде мойындалды. Бірі әлемдік сән индустриясында із қалдырса, енді бірі кино, музыка, спорт немесе дәстүрлі өнер арқылы қазақтың атын жаһанға танытып жүр. Juzmedia шетелде танылып, әлемді мойындатқан, Қазақстанның абыройын асқақтатқан қазақ қыздарының топтамасын ұсынады.

Алла Ильчун (1926–1989) – ХХ ғасырдағы ең әйгілі сән модельдерінің бірі. Ол Париждегі Christian Dior сән үйінің басты моделдерінің бірі атанды. Dior-дың атақты «New Look» дәуіріндегі негізгі бет-бейнесінің бірі дәл осы Алла Ильчун болды. Алла Іле өзені маңында туған. Әкесі – қазақ, анасы – орыс текті. Балалық шағы Қытайдың Харбин қаласында өтті. Кейін Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Францияға қоныс аударып, Парижде өмір сүрді.1947 жылы Кристиан Диор өзінің сән үйін ашқан кезде Алла Ильчун сол жерге модель болып қабылданды. Оның ерекше келбеті – қиғаш көз, нәзік бет пішіні, сабырлы жүрісі – сол кездегі еуропалық сән әлемінде жаңа бейне ретінде есте қалды. Осы арқылы ол подиумда азиялық келбеттің танымал болуына ықпал етті. Ильчун Dior-дан бөлек Yves Saint Laurent, Givenchy, Balenciaga сияқты сән үйлерінің көрсетілімдеріне де қатысқан. Ол сән әлемінде «Dior-дың шығыс сұлулығы» деген атаумен белгілі болды. Сән мансабын аяқтаған соң Парижде өмір сүріп, тігіншілікпен айналысты. Бүгінде Алла Ильчун қазақ қызының әлемдік сән индустриясында үлкен із қалдырған алғашқы тұлғалардың бірі ретінде аталады.

«Тамирис» тобы— бұл Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының құрамындағы қыздардан құралған арнайы десанттық-шабуылдау тобы. Олар — әскери шеберлік пен нәзіктікті ұштастырған, шетелдік әскери сарапшыларды таңғалдырған бірегей топ. «Тамирис» (Tomiris) әйелдер арнайы жасақ тобы 2026 жылдың ақпан айында Дубайда (БАӘ) өткен UAE SWAT Challenge 2026 халықаралық тактикалық жарысында тарихи нәтиже көрсетті. Бұл жарыс әлемдегі ең мықты арнайы бөлімшелер арасындағы «бейресми Олимпиада» болып саналады. «Тамирис» тобы жарысқа қатысқан барлық әйелдер командасы арасында 1-орынды иеленіп, әлемдік деңгейдегі ең үздік әйелдер спецназы екенін дәлелдеді.Турнир гендерлік бөлініссіз, жалпы есепте өткеніне қарамастан, қазақстандық қыздар әлемнің 48 елінен келген 100-ден астам кәсіби ерлер командаларының көбін артта қалдырып, жалпы есепте 18-орынға табан тіреді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Дубайдағы жарыстан олжалы оралған командаларды, соның ішінде «Тамирис» тобын арнайы құттықтап, орден, медальдармен марапаттады.

Анар Бурашева — әлемнің ең биік нүктесін бағындырған тұңғыш қазақ қызы және Орталық Азиядағы «Жеті шың» бағдарламасын толық орындаған алғашқы әйел альпинист. Оның ерлігі қазақстандық спорт тарихындағы айтулы оқиғалардың бірі болды. 2024 жылғы 12 мамырда Непал уақытымен таңғы сағат 07:25-те Эверестке шығып, тарихқа енді. Ол бұл жеңісін қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына және басқа да соғыс ардагерлеріне арнады. 2026 жылдың 11 қаңтарында Антарктидадағы Винсон шыңын (4 897 м) бағындыру арқылы әлемнің барлық жеті құрлығындағы ең биік нүктелерге шыққан алғашқы қазақ әйелі атанды. Ол бұл жобаны небәрі екі жылдың ішінде аяқтады. Эверестен бөлек, әлемдегі ең биік 14 таудың қатарына жататын Манаслу (8 163 м) және Чо-Ойю (8 201 м) шыңдарын да бағындырған. Анар альпинизммен кәсіби түрде айналысқанға дейін скайраннинг (биік тауда жүгіру) спортымен шұғылданған. Күрделі экспедицияларға дейін небары 4 жыл бұрын альпинизм мектебінде оқыған екен.

Бибісара Асаубаева — қазақ шахматының жарық жұлдызы, әлемдік деңгейдегі гроссмейстер және еліміздің атын халықаралық аренада асқақтатып жүрген рекордшы. 2025 жылдың желтоқсанында Дохада (Катар) өткен чемпионатта Бибісара блицтен мансабындағы үшінші алтын медалді жеңіп алды (бұған дейін 2021 және 2022 жылдары чемпион болған). 2021 жылы 17 жасында блицтен әлем чемпионатының ең жас жеңімпазы атанғаны үшін Гиннестің рекордтар кітабына енген. 2025 жылы Sharjah Masters турнирінде 2500 рейтингтік межені еңсеріп, ерлер арасындағы Халықаралық гроссмейстер (GM) атағын алды. 2026 жылдың  FIDE рейтингінде алғаш рет әлемнің ең үздік 10 шахматшысының қатарына кірді.Ол 2026 жылдың мамыр-маусым айларында Ослода өтетін әлемдегі ең беделді жабық турнирлердің бірі — Norway Chess-ке қатысатын алғашқы қазақстандық.

Әнел Сытдықова – экстремалды жүзумен айналысатын қазақстандық спортшы. Ол суық суда жүзу бойынша бірқатар ерекше жетістіктерімен танылған. Әнел Сытдықова ТМД елдері арасында алғаш болып Антарктиданың –1,4 градус температурадағы суын 750 метр қашықтықты 18 минут 58,95 секундта жүзіп өтті. Бұл – адам ағзасы үшін аса қауіпті саналатын көрсеткіш. Сондай- ақ Ла-Манш бұғазын гидрокостюмсіз жүзіп өткен алғашқы қазақ қызы ретінде белгілі. Оның бұл жетістіктері суық суда жүзу спортындағы сирек нәтижелердің қатарына жатады. Әнел тұрмыста, үш ұл тәрбиелеп отыр. Олар 10 жылдан астам  Ұлыбританияда тұрады. Әнел жүзумен ересек жаста айналыса бастаған. 2012 жылы Лондонда тұрып жатқанда, ол құрбыларымен бірге триатлонға жазылады. Сол кезде Әнелдің жүзуге қабілеті өте төмен болған (200 метрден артық жүзе алмаған), бірақ осы қадам оның экстремалды спортқа деген қызығушылығын оятты деседі. Ол Қазақстанның «Темір ханымы» (Iron Lady) деген атпен танымал. Ironman және Ultraman сияқты аса ауыр қашықтықтарды бағындырған алғашқы қазақстандық әйел.

Елена Рыбакина — қазақстандық кәсіби теннисші, әлемдік деңгейдегі рекордтардың иесі және Қазақстан тарихындағы ең табысты спортшылардың бірі. Ол Қазақстан тарихында тұңғыш рет «Үлкен дулыға» турнирін (Wimbledon) жеңіп алған теннисші. 2026 жылдың 31 қаңтарында Елена финалда әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенконы жеңіп, мансабындағы екінші «Үлкен дулыға» (Grand Slam) титулын иеленді. Ол бұл жеңісі арқылы 2000 рейтингтік ұпай мен 2,7 миллион доллардан астам сыйақы алды. 2025 жылдың қарашасында Эр-Риядта өткен қорытынды турнирде (WTA Finals) топ жарып, әйелдер спорты тарихындағы ең ірі сыйақының бірін ($5,235 млн) иеленді.  2025 жылғы маусымда Елена 516 эйс (теннистегі ең дәл соққы) жасап, турда бұл көрсеткіш бойынша көш бастады. Ол соңғы 9 жылда бір маусымда 500-ден астам эйс жасаған алғашқы әйел.

Самал Еслямова — әлемдік деңгейде мойындалған қазақстандық актриса, қазақ кино өнерінің тарихында есімі алтын әріппен жазылған тұлға. «Айка» фильмінде қырғыз мигрантының ауыр тағдырын сомдаған  рөлі үшін ол 6 жыл бойы дайындалып, осы рөлі үшін Канн кинофестивалінде «Үздік әйел рөлі»  номинациясын жеңіп алды. Ол — осындай беделді марапатқа ие болған Орталық Азиядағы тұңғыш және жалғыз актриса. 2019 жылы Гонконгта өткен рәсімде «Үздік актриса» атанып, Азия кино кеңістігіндегі биік шыңды бағындырды.

Майра Мұхамедқызы — әлемге әйгілі опера әншісі (сопрано), Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі және Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Ол — қазақ опера өнерін халықаралық деңгейге көтеріп, әлемдік ең беделді сахналарды бағындырған тұңғыш қазақ қызы. Францияның ең басты опера сахнасында өнер көрсеткен тұңғыш қазақ әншісі. Ол онда екі жыл бойы келісімшартпен жұмыс істеп, әлемдік классикалық туындыларды орындады. Италияның «Ла Скала» театрында, яғни әлемдік опера өнерінің Меккесі саналатын Миландағы аты аңызға айналған театрда ән шырқаған алғашқы қазақстандық. Ол Қытайдың Құлжа қаласында музыканттар отбасында дүниеге келген. 1990-шы жылдардың басында атамекені Қазақстанға оралып, өнер жолын осында жалғастырған. Майра Мұхамедқызы — нағыз полиглот. Ол әлемдік опера сахналарында еркін өнер көрсету үшін бірнеше тілді кәсіби деңгейде меңгерген: қытай, ағылшын, француз, итальян, неміс, орыс. Тұрмыста, бір қызы бар.

Айшолпан Нұрғайыпқызы — Моңғолияда туған шынашақтай ғана қазақ қызы ежелгі бүркітшілік өнерін әлемге танытты. Ол туралы 2016 жылы «The Eagle Huntress» (Бүркітші қыз) деректі фильмі түсірілді. Фильм Оскар сыйлығының шорт-листіне еніп, Айшолпан Голливуд жұлдыздарымен иық тіресе тізімде тұрды. 2014 жылы Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында өткен «Бүркітшілер фестивалінде» ол 80-ге жуық ер адамның арасында жеңіске жетті. Ол «Әлемнің ең ықпалды 100 әйелі» (BBC) тізіміне енді және Моңғолия мемлекетінің жоғары марапаттарына ие. Әлемдік жетекші университеттерден (Harvard, Oxford) шақырту алса да,  Қазақстанда оқуды таңдады. 2024 жылы Айшолпан отбасымен (ата-анасы және бауырларымен) бірге Моңғолиядан Қазақстанға түпкілікті көшіп келді. Тұрмысқа шықты. 

Yenlik (шын есімі — Еңлік Құрарбек) — қазақстандық танымал әнші, рэп және R&B орындаушысы, заманауи қазақ музыкасының жаңа толқынының өкілі. Ол қазақ тіліндегі авторлық әндерімен және өзіндік стильдік орындауымен танымал. 2026 жылдың қаңтарында Yenlik әлемге әйгілі A COLORS SHOW (Берлин) музыкалық платформасына  қатысқан тұңғыш қазақстандық әртіс атанды. Ол бұл жобада «Bipl» әнін орындады. Музыкалық мансабын бастағанға дейін Еңлік мектепте 3 жыл бойы ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген. Кейін өз мамандығын тастап, толықтай шығармашылыққа бет бұрған. «Meili» трегі 2025 жылы әлеуметтік желілерде трендке айналып,миллиондаған тыңдарман жинаған хитқа айналды. Еңліктің әндеріне әлемнің түкпір-түкпірінен кавер жазылады. 2026 жылдың наурызында ол Higgsfield компаниясының Soul ID жобасының креативтік амбассадоры атанды. Қазақ тілінің насихатталуына, қазақ рэп индустриясының дамуына үлес қосып жүрген өнер иесі.