Қазақстанның саяси және экономикалық кеңістігінде маңызды шешімдер қабылдап жүрген ықпалды әйелдер аз, бірақ олар бар. Және олар бұрынғыдай тек әлеуметтік салаларда ғана емес, қаржы, технология, цифрландыру секілді жауапты салаларда ауқымды жобаларды жүзеге асырып келеді. Елдің даму бағытына әсер ететін бірқатар маңызды бастамалар мен өзгерістер осы әйел басшылардың басқаруымен іске асып жатыр. Juzmedia.kz саясаттағы әйелдердің топтамасын ұсынады.

Эльвира Әзімова — 2023 жылдан бері Президент жарлығымен Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотының төрағасы. Ол бұрын адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметін атқарған тәжірибелі заңгер. Әділет министрлігінде жүріп халықаралық шарттарды дайындауға, Қазақстан заңнамасын халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге үлкен үлес қосты. Биыл жүргізілген конституциялық реформалар аясында жаңа құқықтық нормаларды енгізу және Конституциялық сот институтының жұмысын қалыптастыру процестеріне жетекшілік етті. Оның қызметі азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге бағытталған. «Құрмет» ордені, II дәрежелі «Достық», III дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері.

Аида Балаева — Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесіндегі ең ықпалды тұлғалардың бірі. 2025 жылғы 1 желтоқсаннан бастап Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі. Ал министр лауазымына 2023 жылы тағайындалған. Министр ретінде ол БАҚ саласын реттейтін жаңа заңдардың қабылдануына, креативті индустрияны қолдауға және қазақ мәдениетін халықаралық деңгейде танытуға бағытталған жобаларға жетекшілік етіп келеді. Сондай-ақ, ол отбасылық-демографиялық саясат және әйелдер құқығын қорғау мәселелерінде де белсенді ұстанымымен танымал. Бұрын Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары қызметін атқарған. Әлеуметтік ғылымдар кандидаты. Үш баласы бар. «Құрмет» орденінің иегері.

Әсел Жанасова – ҚР Президенті Әкімшілігіндегі жалғыз әйел адам. Қазақстандағы цифрландыру, логистика және мемлекеттік басқару саласындағы жас әрі ықпалды менеджерлердің бірі. 38 жастағы Әсел Жанасова “Болашақ” бағдарламасының түлегі. Лондонда жұмыс істеген. Сауда және интеграция вице-министрі, “Kazpost” компаниясының басқарма төрайымы қызметтерін атқарды. 2022 жылы Тоқаев оны өзінің кеңесшісі етіп тағайындады. 2025 жылдың 10-ншы желтоқсанынан күні бүгінге дейін ол ҚР Президентінің Әкімшілігі басшысының орынбасары болып қызмет атқарып келеді. Әсел Жанасова жеке өмірін жария етпейтін мемлекеттік қызметкерлердің бірі, әлеуметтік желілерде көбіне жұмыс барысын, цифрландыру, мемлекеттік жобалар туралы ғана жазады. Ашық ақпараттарға сүйенсек, ол – тұрмыста. Жолдасы – Кәрім Жанасов, “Тау‑Кен Самұрық” АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы деген дерек бар. Екі ұл тәрбиелеп отыр.

Жұлдыз Сүлейменова — еңбек жолын қарапайым мұғалім болып бастаған. 2025 жылғы 29 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі. Ол бұған дейін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VII және VIII шақырылымдарының депутаты болды. PhD докторы, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі. Жұлдыз Сүлейменова әйелдердің құқықтарын қорғау туралы заңның авторы. Мәжіліс қабырғасында ол осыған қатысты жұмыс тобына жетекшілік еткен. Министр ретінде білім беру жүйесін цифрлық жаңғыртуға, мектеп бағдарламасына жасанды зерде элементтерін енгізуге және мектеп директорларын ротациялау жүйесін қалыптастыруға басымдық беріп отыр. Оның бастамалары кадрлық саясатты жаңарту және білім беру басқаруын орталықсыздандыру бағытында жүріп жатыр. «Құрмет» орденінің иегері.

Ақмарал Әлназарова — Қазақстанның денсаулық сақтау саласындағы ықпалды басқарушылардың бірі, медицина ғылымдарының докторы. Еңбек жолын дәрігер ретінде бастап, кейін Қызылорда облыстық медицина орталығын басқарды.Парламент Сенатының депутаты болып, әлеуметтік саясат пен денсаулық сақтау мәселелерімен айналысты. 2024 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі болып тағайындалды. Ол балалар денсаулығы, медициналық қызметтің қолжетімділігі, білім сапасы және жемқорлыққа қарсы бақылау жүйесін күшейту мәселелерін көтеріп келеді. Ақмарал Әлназарова «Құрмет» орденімен, «Достық» орденінің II дәрежесімен және «Барыс» орденінің III дәрежесімен марапатталған.

Мадина Әбілқасымова – Қазақстанның қаржы және экономикалық саясат саласындағы тәжірибелі мемлекеттік қызметкерлердің бірі. Экономист, халықаралық қаржы институттарында және мемлекеттік басқару жүйесінде ұзақ жыл еңбек еткен. Қазақстандағы ең тәжірибелі макроэкономист мамандардың бірі саналады. Еңбек жолында Ұлттық экономика вице-министрі, кейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметтерін атқарды. 2019 жылы Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы болып тағайындалды, 2026 жылы Президент жарлығымен өкілеттігі қайта ұзарды. Әбілқасымова қаржы нарығын тұрақтандыру, банк секторын реттеу және қаржы жүйесінің ашықтығын арттыру мәселелерімен айналысып келеді. Ол “Болашақ” бағдарламасының түлегі, халықаралық экономикалық саясат саласында білім алған. Тұрмыста, үш баласы бар.

Үміт Шаяхметова — тек Қазақстанның ғана емес, Орталық Азиядағы қаржы секторының ең беделді тұлғаларының бірі. 2009 жылдан бері Halyk Bank басқарма төрағасы және Қазақстандағы ең ықпалды банкирлердің бірі. Ол банкті бірнеше жыл қатарынан елдегі ең ірі қаржы институты ретінде сақтап қалды. 2025 жылы Kazakhstan Growth Forum нұсқасы бойынша «The Best CEO» атанды және бірнеше рет әлемдік «Forbes» және «Global Finance» басылымдарының рейтингтерінде үздік менеджер ретінде аталған. Шаяхметова банк секторын жаңғырту, шағын және орта бизнесті қаржыландыру және әйелдер кәсіпкерлігін қолдау мәселелерінде белсенді позиция ұстанады. Қазақстан гимнастика федерациясын басқарады және спортты дамытуға да үлес қосып жүр. Үміт Шаяхметова танымал мемлекеттік қайраткер Болатхан Тайжанның қызы. Тұрмыста, үш баласы бар.

Ләззат Ибрагимова — 2017 жылдан бері «Отбасы банк» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы. Ол тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін жаңғыртуға және әлеуметтік ипотека бағдарламаларын кеңейтуге жетекшілік етіп келеді. Экономика ғылымдарының кандидаты. Ақмола ауыл шаруашылығы институтын, Еуразия гуманитарлық институтын және Назарбаев Университетінің Жоғары бизнес мектебін (MBA) бітірген. Мансап жолында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының, «Байтерек» ұлттық басқарушы холдингінің басқарма төрағасы болды. Оның басқаруымен «Бақытты отбасы», «Шаңырақ» сияқты бағдарламалар іске қосылып, жүз мыңдаған қазақстандықтың баспана алуына мүмкіндік туды. Тұрмыста, үш баласы бар.

Дания Еспаева — Қазақстанның саяси және қоғам қайраткері, тәжірибелі қаржыгер. ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары (вице-спикер) қызметін атқарады. 2019 жылы Қазақстан тарихында Президенттікке үміткер ретінде тіркелген тұңғыш әйел атанды. Мамандығы — экономист. Банк саласында 30 жылдан астам (БТА Банк, Қазкоммерцбанк филиалдарының директоры) жұмыс өтілі бар. Мәжілісте қаржы, бюджет және кәсіпкерлікті қорғау мәселелеріне белсенді араласады. Әйелдердің құқықтарын қорғау, отбасы және балалар мәселелері бойынша бастамалар көтеріп, әскери қызметтегі әйелдер үлесін арттыру және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелерін жиі қозғайды. Биылғы Конституциялық реформалар аясында жаңа Ата Заң жобасын дайындауға, кәсіпкерлердің меншік құқығын қорғау нормаларын енгізуге жетекшілік етуде. Ажырасқан, екі ұлы және немерелері бар. «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері.

Динара Закиева — Қазақстанның мемлекеттік және қоғам қайраткері, қазіргі уақытта Бала құқықтары жөніндегі уәкіл. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VII сайланым депутаты. Халықаралық қатынастар және заңгер мамандығы бойынша, шетелдік жоғары оқу орындарында (Қытай, Ресей, БАӘ) білім алған. 2023 жылдың маусым айынан бастап Бала құқықтары жөніндегі уәкіл қызметінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жетім балалар мен ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдауға баса назар аударып келеді. Ол «әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы» заңның (халық арасында «тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң» немесе «Салтанат заңы» деп те аталады) қабылдануына белсенді атсалысты. Бұл заң аясында ұрып-соғу мен денсаулыққа жеңіл зиян келтіру қылмыстық жауапкершілікке жатқызылды. «Құрмет» орденінің иегері. Тұрмыста, төрт баланың анасы. Жұбайы — Қуаныш Жұмабекұлы.

Күнсұлу Закария – Қазақстан Президентінің ғылым және инновациялар мәселелері жөніндегі кеңесшісі қызметін атқарған. Биология ғылымдарының докторы, профессор, әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Ол — әлемдік деңгейдегі биотехнолог-ғалым. Пандемия кезінде бүкіл елдің үміті болған QazVac вакцинасын жасап шығарған ұжымды басқарды. Бұл жетістігі үшін ол мемлекеттік деңгейде ғана емес, халықаралық ғылыми ортада да үлкен құрметке ие болды. 2025 жылдың шілдесінен бастап «QazBioPharm» ұлттық холдингі директорлар кеңесінің мүшесі.