Танымал испаниялық әнші Энрике Иглесиас 3 қыркүйекте елордадағы «Астана Арена» стадионында, ал 5 қыркүйекте Алматының Орталық стадионында өнер көрсетеді. Концерт туралы Freedom Ticketon билет сервисі хабарлады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Билеттердің эксклюзивті алдын ала сатылымы Freedom SuperApp пайдаланушылары үшін 7 наурыз күні сағат 12:00-де басталады. Алдын ала сатылым 9 наурызды қоса алғанда үш күнге жалғасады. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, билет бағасы секторға байланысты 45 мың теңгеден басталады.
Freedom Ticketon коммуникациялар жөніндегі директоры Азамат Атагелдінің айтуынша, концертке қызығушылық қазірдің өзінде жоғары. Оның сөзінше, Instagram желісінде жарияланған концерт тизері небәрі 12 сағат ішінде 1 миллионнан астам қаралым жинаған. Осыған байланысты сатылым басталған күні платформаға түсетін жүктеме әдеттегіден бірнеше есе көп болуы мүмкін.
Билет сервисі стадионда орын саны шектеулі екенін және сұраныс жоғары болатынын ескертіп отыр. Сондықтан билеттер электронды кезек жүйесі арқылы сатылады. Ұйымдастырушылар сатып алушыларға билет бағасымен алдын ала танысып, сатылым басталған сәтте бірден қажетті секторды таңдауға кеңес береді.
Билетті сатып алған адам концертке кіру құқығын растайтын ваучер алады. Ал электронды билет концертке бес күн қалғанда жіберіледі. Ұйымдастырушылар билеттер қайтарылмайтынын да ескертті.