homepage
Фото: ашық дереккөзден

Ұлттық банк базалық мөлшерлеме жөнінде шешім қабылдады

06.03.2026, 12:00

Қазақстанның Ұлттық банкі кезекті отырысында базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдыру туралы шешім қабылдап, негізгі көрсеткішті тағы да 18 пайыз деңгейінде бекітті, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Қаржы нарығының өкілдері бұған дейін де бас банк мөлшерлемені осы деңгейде қалдырады деп болжаған. Кейбір сарапшылар тіпті негізгі көрсеткіштің бұдан да жоғары көтерілуі мүмкін екенін айтқан еді. Бұған елдегі инфляция деңгейінің әлі де жоғары болуы себеп болып отыр.

Халықаралық Goldman Sachs қаржы тобының сарапшылары Қазақстандағы базалық мөлшерлеме тек жылдың екінші тоқсанында ғана төмендеуі мүмкін деген пікір білдірген. Олардың бағалауынша, инфляция қарқыны баяулап, экономикалық жағдай тұрақтанған жағдайда ғана көрсеткішті төмендетуге алғашқы қадам жасалуы ықтимал.

Сарапшылардың айтуынша, базалық мөлшерлеме деңгейі инфляциямен күресудің негізгі құралдарының бірі саналады. Сондықтан Ұлттық банк бағаның өсу қарқыны айтарлықтай төмендегенше сақтық саясатынан бас тартпауы мүмкін.