“ҚазТемірТранс” компаниясының Алматы қаласындағы филиалының басшысы ұсталды, деп хабарлайды Juzmedia.kz. Компанияның баспасөз қызметі Ақылбек Базеновтің ұсталғанын растап, тексерістің басталғанын және барлық қажетті құжат пен мәліметті құзырлы органдарға ұсынып жатқанын жеткізді.
Компания басшылығы ірі көлемде заңсыз ақша алды деген күдікке ілінген. Атап айтқанда, компания мемлекеттік сатып алу барысында өз нысандарын күзетуге әлдебір компанияға басымдық беріп, көмектескен. Алайда, компанияның өзі бұл айыпты жоққа шығарып, күзет қызметіне қатысты келісімшарттар бұған дейін толық жасалып қойғанын айтады.
Компания дерегінше, нысандарды күзетуге арналған жалпы қаржы шамамен 200 миллион теңге. Оның ішінде Алматы филиалындағы өндірістік базаларды күзетуге 9 миллион теңгеден астам қаражат қарастырылған.
«ҚазТемірТранс» теміржол арқылы жүк тасымалдайтын ірі ұйымдардың бірі. Компания паркінде 37 мыңнан астам вагон бар. Оның барлық акциясы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына тиесілі.