5 наурыз күні Астанада өткен баспасөз брифингінде Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов журналистердің түрлі сауалына жауап берді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Алайда, Әділов Экс-премьер, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің нақты қай мекемеде жазасын өтеп жатқаны туралы сұраққа жауап бере алмай, тосылып қалды.
«Қайда жазасын өтеп жатқанын оның адвокаттары мен туыстары біледі. Заңда көрсетілген тәртіппен жазасын өтеп жатыр», – деп жалпылама жауап берді вице-министр.
Кәрім Мәсімов 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін ұсталған. 2023 жылдың сәуірінде сот оны мемлекетке опасыздық жасады, билікті күшпен басып алуға талпынды және қызмет бабын асыра пайдаланды деп танып, 18 жылға бас бостандығынан айырды.
2025 жылдың жазында Ішкі істер министрлігі Мәсімовтің Астанадағы тергеу изоляторынан басқа мекемеге ауыстырылғанын растаған. Алайда құзырлы органдар оның нақты қай түрмеде жазасын өтеп жатқанын жариялаған жоқ.