Ирандағы «Заркух» алтын өндіру компаниясында жұмыс істеген 34 Қазақстан азаматы елге қайтарылды. Олар Қазақстан елшілігінің көмегімен Армения арқылы эвакуацияланды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Қазақпарат мәліметінше, қазақстандықтар Иран мен Армения шекарасындағы «Агарак» бақылау-өткізу бекеті арқылы өткен. Одан кейін олар автобуспен Ереван қаласына жеткізіліп, қонақүйге орналастырылған. 5 наурыз күні олар Мәскеу арқылы Алматыға ұшып келуі тиіс.
«Ирандағы әскери қақтығыстар басталғаннан-ақ басшылық Қазақстан азаматтарын эвакуациялау туралы шешім қабылдады. Тізім дайындап, Армениядағы Қазақстан елшілігіне жібердік. Жергілікті биліктің көмегімен иран-армян шекарасында “жасыл дәліз” жасалды», – деді «Заркух» компаниясының IT-бөлім басшысы Андрей Сухарев.
Ол сондай-ақ Қазақстан елшілігінің қызметкерлеріне алғыс айтып, жұмысшылар жағдай тұрақталған соң қайта жұмыс орнына оралады деген үміт білдірді.
АҚШ, Израиль және Иран арасындағы қақтығыс басталғаннан кейін Қазақстан қауіпті аймақта жүрген азаматтарын елге қайтару шараларын қолға алды.
Сыртқы істер министрлігінің дерегінше, қазір Иранда Қазақстанның 47 азаматы бар. Сонымен қатар Израильде – 163, Қатарда 3 мыңнан астам, Біріккен Араб Әмірліктерінде 4 мыңнан астам, ал Сауд Арабиясында шамамен 1 800 қазақстандық тұрып жатыр.