homepage
Фото: видеодан скриншот

Иран дрондары Әзербайжанға түсті

05.03.2026, 14:14

5 наурыз күні Иран аумағынан ұшырылған дрондар Әзербайжанның Нахчыван автономиялық республикасы аумағына шабуыл жасады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Әзербайжан сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, ұшқышсыз аппараттардың бірі Нахчыван халықаралық әуежайының терминал ғимаратына тиген. Тағы бір дрон Шакерабад ауылындағы мектептің маңына құлаған.

«Біз Иран Ислам Республикасы аумағынан ұшырылған ұшқышсыз аппараттардың шабуылын қатаң айыптаймыз. Соның салдарынан әуежай ғимараты зақымданып, екі бейбіт тұрғын зардап шекті. Әзербайжан Республикасының аумағына жасалған бұл шабуыл халықаралық құқық нормалары мен қағидаттарын бұзады және өңірдегі шиеленісті күшейтеді», – деп мәлімдеді мекеме.

Баку Тегераннан бұл оқиғаға қатысты шұғыл әрі нақты түсініктеме беруді, тергеу жүргізіп, мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін жедел шара қабылдауды талап етті.

«Әзербайжан тарапы тиісті жауап шараларын қабылдау құқығын өзінде қалдырады», – деп мәлімдеді министрлік.