Алматыда терезеден құлап қаза тапқан Ақнәр Гүлістанның ісі Ішкі істер министрлігінің өндірісіне беріліп, қайта тергеу басталды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бұл туралы Сенат кулуарында Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов айтты. Оның айтуынша, іс бойынша жаңа тергеу тобы құрылып, қосымша тергеу әрекеттері жүргізіледі.
«Қылмыстық іс ішкі істер министрлігі өндірісіне берілді. Қайта тергеу тобын құрып, тергеу әрекеттерін бастадық», – деді Әділов.
Министр орынбасары жәбірленуші тараптың барлық уәжі толық тексерілетінін айтты.
Оқиға 2024 жылдың 20 шілдесінде болған. Сол күні Ақнәр Гүлістан терезеден құлап қаза тапты. Осыдан кейін қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің өзін-өзі өлтіруге жеткізу бабы бойынша қозғалған. Алайда марқұмның анасы Гүлістан Хамит қызының өліміне бөгде адамдардың қатысы болуы мүмкін екенін айтып келеді.
Оқиға болған кезде Ақнәрдің жанында екі құрбысы – Дидар Мұқият пен Рано Асқар болған. Қылмыстық іс аясында олар қорғалуға құқығы бар куә ретінде танылған.
Заңгер Инга Иманбайдың айтуынша, марқұмның анасы тергеуге жаңа материалдар ұсынғанымен, олар істі тергеу барысында назарға алынбаған.
«Марқұмның анасы жаңа дәлелдер ұсынған. Алайда қылмыстық іс 105-бап – өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу бойынша қозғалғандықтан, бұл материалдарға толық құқықтық баға берілмеген», – деді заңгер.
Заңгердің пікірінше, істі «адам өлтіру» немесе «денсаулыққа қасақана зиян келтіру адам өліміне әкеп соққан жағдай» баптары бойынша қарастыру қажет.
Бұған дейін оқиға орнында болған Рано Асқар Ақнәрдің өліміне қатысты өз нұсқасын жариялаған. Оның айтуынша, сол түні үш қыз алкогольді сусындарға тапсырыс берген. Кейін Ақнәр ұйықтап қалып, оянған кезде айғайлай бастаған.
Ал екінші қыз Дидар Мұқият өзіне негізсіз жала жабылғанын айтып, заңды өкілі Жандос Палманов арқылы түсініктеме берген. Оның сөзінше, Ақнәрдің терезеден қалай құлағанын өзі көрмеген.
«Дидар Мұқият Ақнәрдің терезеден құлаған сәтін көрмеген. Ол жанындағы құрбысының сөзіне сүйеніп, Ақнәр терезеден өзі секіріп кетті деп ойлаған», – деді оның заңды өкілі.