Астана маңындағы Жібек жолы ауылында бір отбасының бірнеше мүшесінің өліміне күдікті адам ұсталды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді. Оның айтуынша, іс аса ауыр қылмыс ретінде тергеліп жатыр.
«Күдікті ұсталды. Соттың санкциясымен ол екі айға қамауға алынды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Қосымша тергеу шаралары оқиға орнында да жүргізіліп жатыр, онда тергеу-жедел тобы жұмыс істеп жатыр», – деді Әділов.
Министр орынбасары күдіктінің бұрын сотталғанын да растады. Алайда оның нақты қандай қылмыс үшін жауапқа тартылғанын ашып айтпады.
«Ішкі істер министрлігінің өкілі ретінде айтарым, адамның кінәлі немесе кінәсіз екенін тек сот анықтайды. Құқық қорғау органдарының міндеті – дәлелдерді жинап, істің барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті зерттеу және қылмысты дұрыс саралау», – деді ол.
Ресми мәліметке сәйкес, қаза тапқандар бірнеше адам.
«Қаза тапқандардың барлығы анықталды. Оларға сот-медициналық сараптама тағайындалды», – деп қосты министр орынбасары.
Еске салайық, бұған дейін мессенджерлерде Астана маңындағы Жібек жолы ауылында бір отбасының мүшелері қатыгездікпен өлтірілгені туралы ақпарат тараған болатын. Полиция күдіктіні ізін суытпай ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамаған.