Испания үкіметінің басшысы Педро Санчес АҚШ әкімшілігінің Таяу Шығыстағы әскери әрекеттерін қолдаудан бас тартатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, Испания бейбітшілікке қарсы келетін қадамдарға араласуға ниетті емес, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Санчес мұндай шешімді түсіндіре отырып, Иракқа жасалған басқыншылықтың салдарын еске салды. Оның сөзінше, сол соғыс өңірге демократия да, қауіпсіздік те әкелген жоқ, керісінше терроризмнің күшеюіне, көші-қон дағдарысына және энергия бағасының күрт өсуіне себеп болды.
Премьердің сөзінше, мемлекеттердің міндеті — адамдардың өмірін жақсарту, ал соғыс пен қақтығыс керісінше салдарға алып келеді. Сондықтан бір заңсыз әрекетке жауап ретінде тағы бір заңсыз қадам жасау адамзат үшін үлкен апаттарға жол ашуы мүмкін екенін ескертті.
Бұған дейін Дональд Трамп Испания әскери шығындарды жалпы ішкі өнімнің 5 пайызына дейін көтеруге және Иранға соққы жасау үшін әскери базаларын беруге келіспеген жағдайда АҚШ бұл елмен барлық сауда қатынасын тоқтатуы мүмкін екенін айтқан еді.