Степногорск қаласының прокуратурасы мемлекеттік сатып алуды заңсыз өткізу фактісін анықтады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
ҚАНДАЙ ЗАҢБҰЗУШЫЛЫҚТАР БОЛҒАН?
Степногорск қаласының мемлекеттік активтер және сатып алу бөлімі «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңның талаптарын бұза отырып, 84,8 млн теңге сомасына жылы аялдамаларды дайындау және орнату жұмыстарына ашық конкурс өткізуді көздегені анықталды.
«Атап айтқанда, жұмыстарды жасау жерін көрсетпеу, эскизді бекітпеу, сондай-ақ бағаны белгілейтін құжаттамалық негіздемесіз ұсыну (сметалық құжаттаманың болмауы) заңбұзушылықтары болған», - делінген прокуратура хабарламасында.
ЛАУАЗЫМДЫ ТҰЛҒАЛАР ЖАУАПҚА ТАРТЫЛДЫ
Ведомство өкілдері хабарлағандай, қадағалау актісі бойынша конкурстың күші жойылды, бюджет қаражаты басқа да әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға бағытталды, сол арқылы бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына жол берілмеді.
«Аталған заңбұзушылық үшін лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды», - делінген хабарламада.