homepage
Фото: ашық дереккөзден/көрнекі сурет

Түркия: Ираннан ұшқан зымыран әуеде атып түсірілді

04.03.2026, 17:11

Түркия Қорғаныс министрлігі Иран аумағынан ұшырылған баллистикалық зымыранның елге жетпей әуеде жойылғанын мәлімдеді. Зымыран Ирак пен Сирияның әуе кеңістігі арқылы Түркия бағытына қарай ұшқан, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

«Ираннан ұшырылып, Ирак пен Сирияның әуе кеңістігі арқылы Түркияға бағытталған баллистикалық оқ-дәрі дер кезінде анықталып, Шығыс Жерорта теңізінде орналастырылған НАТО-ның әуе және зымыранға қарсы қорғаныс жүйелері арқылы сәтті түрде атып түсірілді», – делінген министрлік хабарламасында.

Мекеменің мәліметінше, Хатай провинциясының Дөртйол ауданынан табылған сынықтар баллистикалық зымыранды әуеде жою кезінде қолданылған зымыранға қарсы қорғаныс зымыранына тиесілі. Оқиға салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.

Еске салайық, 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға қарсы ауқымды әскери операция бастағанын мәлімдеген. Тель-Авив бұл әрекет Тегеранның ядролық қаруға қол жеткізуіне жол бермеуге бағытталғанын айтса, АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның әскери-теңіз күштері мен қорғаныс өнеркәсібін жою ниетін білдіріп, ел азаматтарын билікті құлатуға шақырған.