Мәжіліс депутаттары Қазақстанда жеке детектив қызметін заңдастыруды көздейтін заң жобасын жұмысқа қабылдады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Мәжіліс депутаты Снежанна Имашеваның айтуынша, заң жобасында жеке детектив қызметінің негізгі ұғымдары, қағидаттары, міндеттері мен оны жүзеге асыру тәртібі айқындалады. Сонымен қатар жеке детектив қызметі лицензияланатын кәсіпкерлік түріне айналмақ. Құжаттар әзірге жұмысқа ғана қабылданды, олар алдағы пленарлық отырыстарда екі оқылымда қаралады.
Жобаға сәйкес, жеке детектив болу үшін Қазақстан азаматы арнайы лицензия алуы тиіс. Детектив қызметіне жеке және заңды тұлғалар шарт негізінде жүгіне алады. Сонымен бірге детектив бір ғана агенттікте жұмыс істеуі керек.
Заң жобасында детективтерге қойылатын талаптар да белгіленген. Мысалы, 30 жасқа толмаған, мемлекеттік қызметте істейтін, сотталған, сыбайлас жемқорлық үшін қызметтен қуылған немесе психикалық және тәуелділік аурулары бойынша есепте тұрған адамдарға бұл қызметпен айналысуға рұқсат берілмейді.
Құжатта жеке детективтерге бейне және дыбыс жазу, фото және бейнетүсірілім сияқты құралдарды қолдануға мүмкіндік беру қарастырылған. Алайда жедел-іздестіру қызметінде қолданылатын арнайы техникалық құралдарды пайдалануға тыйым салынады. Сонымен қатар шетел азаматтарына Қазақстанда детектив қызметімен айналысуға немесе шетелдік агенттіктердің өкілдігін ашуға рұқсат етілмейді.