Мәжіліс депутаты Аманжол Алтай отандық өнімдердің дүкендерде көзге көрінетін жерге қойылуын міндеттеуді ұсынды. Оның айтуынша, қазіргі кезде импорттық тауарлар ең көрінетін орындарға қойылып, қазақстандық өнімдер көбіне төменгі сөрелерде қалып қояды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
4 наурызда өткен Мәжіліс отырысында депутат Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевке депутаттық сауал жолдап, ішкі нарықты қорғау және «азық-түлік патриотизмін» дамыту шараларын қабылдауды ұсынды. Соның ішінде негізгі санаттағы қазақстандық тауарларды сатып алушы көзі бірден түсетін аймаққа, яғни еденнен 70–160 сантиметр биіктіктегі сөрелерге орналастыру талабын бекіту қажеттігін айтты. Оның пікірінше, бұл қадам отандық өнімдердің сатылымын арттыруы мүмкін.
Сондай-ақ депутат нарықтық деректерге қолжетімділікті кеңейтуді ұсынды. Қазір көптеген өндіруші аналитикалық мәліметтерді өз қаражатына сатып алады, ал мұндай ақпараттың бір бөлігі мемлекеттік жүйелерде бар. Бұдан бөлек, маркетплейстер мен азық-түлік жеткізу сервистерінде импорттық тауар таңдалғанда қазақстандық баламаларды қатар көрсету ұсынылды.
Сауалда өндірушілердің сауда желілеріне шығу кезінде кездесетін кедергілері де айтылып, оларды азайтып, бизнеске практикалық қолдауды күшейту қажет екені атап өтілді.