Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Дубайдағы қазақстандықтарға тиесілі қымбат жылжымайтын мүлікке қатысты Бас прокуратураға сұрау жолдауды жоспарлап отыр. Ол бұл мәселеге құқықтық тұрғыдан баға беруді сұрамақ, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Депутаттың айтуынша, мәселе Таяу Шығыстағы шиеленіс кезінде Дубайдағы Fairmont The Palm тұрғын үй кешені маңына зымыран құлап, өрт шыққаннан кейін талқылана бастаған. Осы оқиғадан соң әлеуметтік желілерде аталған кешенде қазақстандық дәулетті азаматтардың пәтерлері бар деген ақпарат кең тарады.
Журналистік зерттеулерге сәйкес, бұл тұрғын үй кешеніндегі 97 пәтер қазақстандықтарға тиесілі болуы мүмкін. Олардың арасында бұрынғы жоғары лауазымды тұлғалардың туыстары мен жақындары болуы ықтимал деген мәлімет айтылып жатыр.
Бұл мәселеге құқықтық тұрғыдан баға беру үшін Бас прокуратураға хат жолдауды жоспарлап отырмын. Ал адамгершілік тұрғысынан мұндай жағдай дұрыс емес. Бұл халыққа деген құрметке де сай келмейді, – деді Саиров Мәжіліс кулуарында.