Семей қаласындағы балалар ойын-сауық орталығында болған өрттен кейін медициналық көмекке жүгінгендер саны 11 адамға жетті. Олардың төртеуі балалар, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Абай облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шеккендердің бір бөлігі ауруханаға жатқызылған. Бір бала Семей медициналық университетінің университеттік госпиталіндегі балалар бөлімінде ем алып жатыр. Ал тағы үш бала тексеруден кейін амбулаторлық ем қабылдауға жіберілген.
Ересектер арасында медициналық көмекке жеті адам жүгінген. Олардың төртеуі университеттік бүйрек орталығына жатқызылды. Екі адам дәрігерлер тексергеннен кейін оқиға орнында қалған, тағы бір адам медициналық тексеруден бас тартқан.
Бұған дейін өрт болған жерде жедел жәрдемнің бес бригадасы жұмыс істегені хабарланған еді. Алғашында медициналық көмек алты адамға қажет болған.
Еске салайық, өрт Шұғаев көшесіндегі ойын-сауық орталығында шыққан. Өртті сөндіру кезінде ғимараттың қабатаралық жабындысы құлаған. Тілсіз жауды ауыздықтауға Төтенше жағдай министрлігінің 120-дан астам қызметкері мен 21 техника жұмылдырылған.