homepage

Шерзат Полат ісі бойынша 170-тен астам куәгерден жауап алынды - депутат

Juzmedia. kz
18.12.2024, 18:10

Заңгер Абзал Құспан Мәжіліс депутаттары тарапынан Талғарда жаппай төбелес кезінде кісі қолынан қаза тапқан жасөспірімнің өлімн бақылауға алынғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

«ТЕКСЕРІЛМЕГЕН ЖАЗБАЛАР КӨБЕЙІП КЕТТІ...»

Депутат соңғы күндері Шерзат Полаттың өліміне қатысты қоғамда қызу талқылау жүріп жатқанын айта келе, әлеуметтік желілерде әртүрлі ақпараттың таралуына байланысты, көп жағдайда тексерілмеген, эмоцияға толы жазбалар мен бейнеүндеулерге назар аударылып жатқанын айтты.

«Осыған байланысты әріптесім, депутат, заң ғылымдарының докторы Үнзила Шапақпен бірге орын алған оқиғаның мән-жайымен жете танысу үшін арнайы Алматы облысына бардық.

Істің барысын зерделеу мақсатында Алматы облысы прокуроры Берік Абызбайұлына, Облыстың Полиция департаментінің басшысы Мейрам Жұмкенұлына жолықтық», - деді депутат.

40-ҚА ЖУЫҚ САРАПТАМА ТАҒАЙЫНДАЛҒАН

Абзал Құспан заңгер ретінде, бұл ауыр жағдайларды құқықтық тұрғыда қарастырудың маңыздылығын атап өтті.

«Мұндай істерде қоғам тарапынан жасалған қысым тергеу амалдарының объективті әрі жан-жақты жүргізілуіне кері әсерін тигізуі мүмкін. Прокуратураның ресми ақпаратына сәйкес, қасақана кісі өлтіру күдігімен 11 адам адам ұсталғаны белгілі. Қазіргі таңда тиісті тергеу амалдары жүргізілуде.

Осы іс бойынша 170 астам куәгерлерден жауап алынып, 40 жуық сараптама тағайындалып, жан-жақты тергеліп жатыр», - деді А. Құспан.

ТЕРГЕУ БАРЫСЫ ТУРАЛЫ ХАБАРЛАНЫП ОТЫРМАҚ

Сонымен қатар Шерзат Полаттың ағасы Н. Ғайыпбаевтың өлімі де Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің бақылауында екенін атап өткен жөн. Ол бойынша сот-медициналық сараптамалар жүргізіліп жатыр.

«Қылмыстық істің қоғамдық маңыздылығына байланысты, мен тергеу барысымен танысып, заңгер ретінде мән-жайды нақты анықтау үшін жұмыс істеп жатырмын. Бұл істің әділ әрі ашық қаралуына ықпал ету – басты мақсатымыз. Алғашқы нәтижелерге келсек, облыс прокуроры Берік Абызбайұлымен кездесу барысында тергеу амалдарының барынша заң аясында және тиянақты жүргізілуін талқыладық.  Облыстық прокуратура бұл істің құқықтық және әділдік принциптеріне сай қаралатынын мәлімдеп, бізге уәде берді.

Алдағы уақытта тергеу барысы мен ресми ақпараттар туралы қоғаммен үнемі бөлісіп отыратын боламын. Қазіргі таңда кез келген расталмаған ақпараттан аулақ болуға және ресми дереккөздерге сүйенуге шақырамын. Заңның үстемдігі мен әділдік жолында бірге болайық!» - деді депутат.

ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ

4 қазанға қараған түні Талғарда жаппай төбелес кезінде пышақ жарақатынан 16 жастағы Шерзат Полат көз жұмған болатын. Аталған қылмысқа қатысты 11 адам ұсталды. Ал бірнеше апта өткен соң Азат ауылындағы Шерзаттың отбасы тұратын үй өртеніп кетті. Бас прокуратура үйдің қасақана өртелгенін хабарлады.

Ал 9 желтоқсанда Шерзаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевтың мәйіті Талғар қаласының маңынан табылды. Өлер алдында ол отбасына хат жазып кеткен. Медициналық қорытындыға сәйкес, ер адамның өліміне асылып қалу немесе тұншығу себеп болған. Бауырының жерлеуі кезінде Қаржаубай Нұрымов «жолды жауып, полиция қызметкерлеріне әдепсіз сөздер айтып, оларды пышақпен қорқытқан, бөтеннің мүлкіне қасақана зақым келтірген» деген айыппен полиция оны 15 тәулікке қамауға алды. Ал жақында марқұм Шерзаттың әкесінің үстінен қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.