Қазақстандағы азық-түлік бағасының өсуін тек қосылған құн салығының көтерілуімен байланыстыру дұрыс емес. Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин осынжай пікірде. Оның сөзінше, бағаның қымбаттауына әсер ететін фактор көп, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
“Шынын айтқанда, азық-түліктің қымбаттауын тек қосылған құн салығымен байланыстыруға болмайды. Біз барлық азық-түлікпен өзімізді толық қамтамасыз ете алмаймыз. Әлеуметтік маңызы бар өнімдерді қамтамасыз ету деңгейі 70–90 пайыз шамасында. Ал әлеуметтік маңызы жоқ тауарлардың бір бөлігі импорт болуы мүмкін”, – деді Мәжіліс кулуарында Серік Жұманғарин.
Министрдің сөзінше, бағаның өсуіне әлемдік нарықтағы өзгерістер де әсер етіп отыр.
“Әлемде сүт пен еттің бағасы қатты өсіп кетті. Бұл біздің өнімдерге экспорт бағытында сұраныс артқанын білдіреді. Сондықтан фермерлер өнімін экспортқа сатқысы келеді, өйткені ол жақта баға жоғары”, – деді министр.
Отандық өндірушілер әуелі ішкі нарықты өз өнімдерімен қамтып, қалғанын экспорттауы керек. Алайда фермерлер пайда үшін ішкі нарықтағы бағаны да көтеруге мәжбүр. Ол экспортты толық шектеу мүмкін еместігін, өйткені мұндай жағдайда сала бизнес үшін тиімсіз болып қалатынын айтты.
Министр келтірген ақпаратта қаңтар айының қорытындысы бойынша елде азық-түлік инфляциясы шамамен 0,8% болған. Ал Ресейде бұл көрсеткіш шамамен 2%. Қазақстанға азық-түліктің едәуір бөлігі Ресейден келетіндіктен, ондағы бағаның өсуі де елдегі қымбатышылыққа әсер етеді.
“Қосылған құн салығының 4 пайыз өсуін барлық мәселенің себебі деп қарауға болмайды. Мұнда көптеген фактор бар. Бірақ негізгі шешім – өз өндірісімізді дамыту және ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету”, – деді Жұманғарин.
Айта кетейік, 2026 жылдың басынан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енді. Соған сәйкес қосылған құн салығы 12 пайыздан 16 пайызға дейін көтерілді.