АҚШ пен Израильдің шабуылы салдарынан қаза тапқан аятолла Әли Хаменеидің ұлы Моджтаба Хаменеи Иранның жаңа жоғарғы көсемі болып сайланды. Бұл туралы Ирандағы дереккөздерге сілтеме жасаған DW хабарлады, деп жазады Juzmedia.kz.
Мәліметке сәйкес, бұл ақпаратты Iran International басылымы да жариялаған. Алайда Иранның ресми билігі мен мемлекеттік ақпарат құралдары әзірге бұл деректі растаған жоқ.
Әли Хаменеи қаза тапқаннан кейін елді уақытша үш адамнан тұратын кеңес басқарып отыр. Оның құрамына Иран президенті Масуд Пезешкиан, сот жүйесінің басшысы Голям Хосейн Мохсени-Эджеи және Конституция сақшылары кеңесінің мүшесі аятолла Әлиреза Арафи кіреді.
Иран заңына сәйкес, елдің жоғарғы рухани көшбасшысын ислам құқығы саласының мамандарынан құралған Сарапшылар кеңесі тағайындайды. Моджтаба Хаменеи 56 жаста. Ол қаза тапқан аятолланың екінші ұлы. Моджтаба өз әкесінің орынын басуға басты үміткерлердің бірі. Бақылаушылар Моджтаба әкесіне қарағанда қоғамның, әсіресе офицерлік корпустың көңіл-күйін жақсы сезінетінін айтады.