homepage
Фото: ашық дереккөзден/көрнекі сурет

Бүгін қазақстандықтар ерекше құбылыстың куәсі болады

03.03.2026, 17:28

Бүгін кешке Ай тұтылады. Бұл ерекше құбылысты елдің бірқатар өңірінен тамашалауға болады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Ғалымдардың мәліметінше, тұтылу 15:50-де басталып, 19:17-де аяқталады. Ай толықтай Жер көлеңкесіне 17:04 пен 18:03 аралығында енеді. Дәл осы уақытта оның түсі өзгеріп, ай біртіндеп қою қызыл түске боялады.

Елордада көріністің ең әсерлі сәті 18:02-ге сәйкес келеді. Алайда Ай көкжиекке жақын тұратындықтан, оны көру оңай болмайды. Қаланың биік ғимараттары мен ауадағы тұман көріністі тұмшалап жіберуі мүмкін. Сондықтан мамандар бұл көріністі анық көру үшін шығыс көкжиегі ашық жерге баруға кеңес береді.

Алматыда тұтылудың шарықтау шегі сәл ертерек — 17:46-да. Құбылыс шамамен 18:13-ке дейін созылады. Көктөбе маңы немесе қаланың жоғарғы бөліктері көкжиекті кедергісіз бақылауға мүмкіндік береді.

Айдың қызыл түске боялуы халық арасында «қан қызыл Ай» атауын тудырған. Бұл – тылсым белгі емес, Жер атмосферасынан өткен күн сәулесінің шашырауынан болатын табиғи құбылыс. Қысқа толқынды көк сәуле тарап кетіп, ұзын толқынды қызыл реңк Ай бетіне түседі.

Наурыздағы толық Айды кей халықтар «Құрт айы» деп атаған. Көктемде жер жібіп, жауынқұрттар шыға бастайтын кезеңмен байланысты қойылған атау.