Ақмола облысының прокуратурасы Щучинск қаласындағы «Центр плова» дәмханасының иесі қамауға алынғанын хабарлады. Қазір дәмханада болған өрт дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр деп жазады Juzmedia.kz.
Іс Қылмыстық кодекстің 292-бабы 3-бөлігі — абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу дерегі бойынша қаралуда. Ведомствоның мәліметінше, істі арнайы прокурорлар тергеп жатыр.
2026 жылғы 2 наурызда Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабына сәйкес дәмхана иесі ұсталған. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Тергеу барысы Бас прокуратураның бақылауында. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.
Еске салайық, 27 ақпанға қараған түні Ақмола облысы Щучинск қаласында тұрғын үйдің ішінде орналасқан дәмханада газ жарылған. Оқиға салдарынан сегіз адам қаза тауып, тағы жеті адам ауыр жарақатпен ауруханада жатыр.