homepage
Фото: видеодан алынған кадр

Щучинскідегі жарылыс: тағы бір адам көз жұмды

03.03.2026, 14:28

26 ақпанда Щучинск қаласындағы дәмханада болған жарылыс салдарынан қаза тапқандар саны сегіз адамға жетті, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Бүгін «Авиценна Бурабай» ауруханасында ем қабылдап жатқан науқастардың бірі көз жұмды. Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, қалған зардап шеккендер дәрігерлердің бақылауында.

Қазір төрт адам Көкшетаудағы облыстық көпбейінді ауруханада ем алып жатыр. Олардың үшеуінің жағдайы ауыр деп бағаланған. Бір науқастың денесінің 85 пайызы күйік шалған, дәрігерлер оның жағдайын аса ауыр деп бағалап отыр. 

Еске сала кетейік, 27 ақпанға қараған түні Ақмола облысы Бурабай ауданына қарасты Щучинск қаласында бес қабатты тұрғын үйдің ішінде орналасқан дәмханада газ жарылған. Оқиғадан кейін қылмыстық іс қозғалды. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 28 адам зардап шеккен. Оның 13-і ауруханаға жатқызылып, 8 адамға медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйлеріне жіберілген. 

Кейін Бурабай ауданының әкімі қаза тапқандардың отбасына 2 миллион теңгеден, ал зардап шеккендерге 1 миллион теңгеден төленетінін мәлімдеді. Сонымен қатар жарылыстан зардап шеккен бес отбасының несиелері демеушілер есебінен жабылатын болды.